Әлем • 17 Тамыз, 2020

Бейрутте жағдай тұрақталар емес

1446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ливан астанасы Бейруттегі жары­лыстың соңы шеруге алып келді. Мың­даған халық көшеде үкіметке қарсы наразылығын білдіруде. Үкімет болса жоспарланған сайлауды алдын ала өткізу мүмкіндіктерін қарап жатыр. Мемлекет басшысы шетелдік сарапшыларға қажетті зерттеу жүргізу тапсырмасын берді.

Бейрутте жағдай тұрақталар емес

170-ке жуық адамның өмірін жалмап, 600 адам зардап шеккен 4 тамыздағы жары­лыс ливандықтардың көптен бергі үкіметке наразылығын ашық білді­руге себеп болды. Олар іле-шала елдің сырт­қы істер министрлігін басып алмақ болып, ғимаратқа шабуыл жасады. Шама­мен 10 мың адам наразылық акция­сына қатысып, халық жапа шеккен аудан­дар­дан бастап, астананың орталық алаң­ы­на дейін жетті. Құқық қорғау орган­дары­ның қызметкерлерімен қақтығыс та көп күттірмеді. Полицияға тас, ағаш лақ­ты­рып, бұзақылыққа барды. Ал полиция у­­лы газ бен қарулы жауап берді. Бүгінде маңызды ғимараттардың алдында күзет тұр. Үкімет ғимараты қоршалған.

Президент Мишель Аун Бейрут пор­тына келген шетелдік тергеушілерден табылған ақпараттың барлығын ашық жариялауын сұрады. БҰҰ Ливанға көмекке 565 млн АҚШ долларын бөлген. Қаражат жарылыстан жапа шеккен порт халқына жұмсалуы тиіс. Ұйым есебіне сүйенсек, қаладағы 20 аурухана, 120 мектеп қираған. БҰҰ гуманитарлық коор­ди­наторы Нижат Рочди «Құлаған мектеп­тер мен ауруханаларды қалпына кел­тір­гіміз келеді», деді. Тергеу жұмыстарына FBI агенттері де тартылған. Жергілікті кәсіпкерлер үкіметке сенбейтінін айтуда. Олардың ойынша, мәселеге сыртқы күштерді араластырса, нақты себеп мәлім болмақ.

Апат қоймада 2014 жылдан бері сақ­та­лып келе жатқан селитраның жары­луынан болған. Үкімет бұған жауап­тыларды табуға сөз берген-ді. Жапа шек­кен аудандарды араламақ болған министр­лерді халық қуып шықты. Сенбіде үкімет басшысы Хассан Диаб мәлімдеме жасап, жарылыстың жемқорлық сал­дары­нан болғанын хабарлады. Тіпті мәселенің шешімі кезектен тыс сайлауда екенін де жеткізді.

Халықаралық қызыл крест қоғамының есебіне сүйенсек, наразылық акциясы кезінде 230 адам жарақат алған. Ал БАҚ жапа шеккендердің саны 500-ден аса­тынын хабарлайды. Апат себебін анықтау ісі жалғасып жатыр. Мемлекет президенті Мишель Аун сыртқы күштердің қатысы бар-жоғын анықтау қажеттігін айтты.